Tag Archives: Дариха Нурашова

Ауылға кел, қалқатай, білегіңді сыбанып..

Ауыл бәріміздің алтын бесігіміз. Бәріміздің де түп қазығымыз ауылдан. Ауылды қаншама жақсы көреміз десек те, соңғы кездері ауылдан көшу үдерісінің ұлғайғаны байқалуда. «Ауылдан көшпеңдер», «ауылға қайтыңдар» деген құр ұранмен ештеңе өнбесі анық. Елді тұрақтандырудың, әсіресе, жастарды ауылда ұстап қалудың кейбір мүмкіндіктері де жасалуда. Соның бірі мемлекеттік «Дипломмен –ауылға» бағдарламасы. Негізгі себеп, ауылдарда жастарға жұмыстың жоқтығы болып тұрғанда бұл бағдарламаның да күші қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей шығар.  Десе де, бірер адам үйлі болып, жұмыс тауып, ол адам маман ретінде ауылдарда елге пайдасы тиіп жатса – соның өзі жақсылықтың нышаны емес пе?! «Дипломмен -ауылға» жобасының негізгі  мақсаты — ауылға барып жұмыс істеймін, тәжірибе жинақтаймын деген мамандарды қолдау. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласындағы дипломы бар мамандарды ынталандыру. Сөйтіп, елді мекендерді білікті мамандармен қамтамасыз ету болып табылады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 2019 жылы республика бойынша 4 мыңға жуық маманға үй алу үшін несие берілген. Біздің аудан бойынша бұл көрсеткіш қандай деңгейде екенін білуге құмарттым. Бұл турасында  аудандық әкімдіктің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнара Шамғонова былай деді:

«Бөрлі ауданында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылуда. Бағдарламаның мақсаты- жас ерекшелігіне қарамастан қаладан ауылға жұмыс істеу үшін барып, сонда тұратын әлеуметтік сала мамандары мен кеше ғана, қолына диплом алып, маман атанған жастарға әлеуметтік қолдау көрсету. Бағдарлама  біріншіден, 100 айлық есептік көрсеткіштегі көтерме жәрдем ақы және 1500 айлық есептік көрсеткіштегі үй сатып алуға берілетін 15 жылға нөлдік пайызбен несиені құрайды. 2019 жылы Бөрлі ауданы бойынша 61 маманға көтерме жәрдемақы және 52 маманға үй сатып алуға несие берілді. Әлеуметтік сала мамандары дегенді талдай кетсек,  оларға — білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық, әлеуметтік сала және ветеринар мамандары жатады. Өмір бір орында тұрмайтыны сияқты, түрлі заңдар мен бағдарламаларға да өзгеріс енгізіліп тұратыны белгілі. Мәселен, 2019 жылы көтерме жәрдемақы көлемі 70-тен 100 айлық көрсеткішке өсті, яғни егерде, 2019 жылы айлық есептік көрсеткіш 2525 теңге болса, яғни 176750 теңгеден 252500 теңгені құрады».

Өкінішке орай, Ақсай қаласы бұл бағдарламаға жатпайды екен. Өйткені, бағдарламаның аты айтып тұрғандай тек ауыл-село елді мекендерге арналған. Қала бойынша ұсыныс түсірушілер баршылық болса да бұл әзірге мүмкін емес екен. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан 52 маманның 38-і білім беру саласынан, 2-уі денсаулық сақтау саласының, 6-уы мәдениет саласы бойынша, 1-уі спорт, 5-уі ветеринар мамандықтарының иелері болып шықты. Осы бағдарлама аясында жемісті еңбек етіп жүрген мамандарды атап айтатын болсақ, 2010 жылы Киров ауылынан үй сатып алып, әлі күнге сол ауылда тұрып, еңбек етіп жатқан денешынықтыру пәнінің мұғалімі- Махамбетов Мерей, 2013 жылы Березовка ауылына мұғалім болып барып, үй сатып алып, қазіргі уақытта Бөрлі ауылында мектеп директоры қызметін атқарып жатқан Сүгірбаева Индира, 2014 жылы Бумакөл ауылына жас туристер станциясына маман ретінде жұмысқа барып, үй сатып алып, қазіргі уақытта аталмыш станцияның директоры болып қызмет атқарып жатқан Каймулдинов Нарымбек, 2016 жылы Бөрлі ауылынан үй сатып алған дәрігер Кадралиева Алиналар.

Бізге Индира Жасқайратқызы Сүгірбаевамен әңгімелесудің сәті түскен еді: «Өзім Тасқала ауданының тумасымын. Березов ауылына «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен  мектепке мұғалім болып орналасқанмын. Кейін өздеріңіз білетіндей, ауыл көшіп кетті. Одан кейін аудандық білім бөлімінде жұмыс атқарып, сосын Успенов мектебіне директор болып тағайындалдым. Қазір Бөрлі ауылында жалпы білім беретін мектептің директорымын. Отағасым екеуміз  екі ұл, бір қыз өсіріп отырмыз. Бағдарлама берген несиені әлдеқашан төлеп құтылсам да, мен осы ауданда еңбек етіп жатырмын және әлі де еңбек ете беремін. Өйткені, маған бұл бағдарлама үлкен қолдау болды, тұрмыстық жайттарға алаңдамай, маман ретінде алаңсыз жұмыс жасауыма, өзімді көрсетуіме мүмкіндік берілді. Сондықтан осындай бағдарламаларды пайдалану мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар дегім келеді».

Индираның әңгімесінен разылық лебі есетіні байқалды. Бағдарламаға қатысушы басқалардың да баспана бойынша шаруалары шешіліп, риза болып жүргені сөзсіз. Ең бастысы, бағдарлама түпкі мақсатына жетіп, қаржысы-ел игіліне, маманға зәру ауылдардың қажетіне жарап отыр. Әлі де жарай бермек.

Дариха Нұрашова