15.10.2018, 15:21
Қараулар: 17
Іскер әйелдер кеңесінің форумы өтті

Іскер әйелдер кеңесінің форумы өтті

Ақсай қаласында алғаш рет ұйымдастырылған жиынға өңірдегі ісмер қыз келіншектер мен қоса облыстан арнайы кәсіпкер әйелдер қатысты.

Форум барысында аудан әкімі Санжар Әлиев ауданның іскер әйелдері жергілікті жерлердегі жұмыссыздық мәселесін шешуде қомақты үлесін қосып келетіндігін айта келіп, жылда дәстүрлі түрде «Бөрлі ауданының іскер әйелдерінің күні» бекітіліп, аталып өтетіндігін айтып нәзік жандыларды қуантты.
Бөрлі аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Надежда Молчанова форумда арнайы баяндама жасап, қыз-келіншектер қолға алған кәсіпкерлік істердің жетістігі мен қиын тұстары жайлы айта келіп, өңірдегі әйел кәсіпкерлігі белсенді дамуда және де өткізіліп жатқан форум бизнестегі әйелдердің орнын одан әрі нығайтпақ, — деді.
Ел дамуындағы әйелдердің рөлі, іскер әйелдерді қолдау, жалпы әйелдер қауымының экономикалық белсенділігін арттыру тақырыбында түрлі баяндамаларда көтеріліп, талқыға түсті. Сонымен қатар форумға келген әрбір кәсіпкер әйел бизнесте айтарлықтай жетістікке жеткен, көпшілікке танымал әйелдердің кеңестерін тыңдап, ой алмасты.
Шынымен де, әйелдің қолынан келмейтін дүние жоқ. Оны форум алаңындағы көрмеден байқауға болады. Көздің жауын алар қолөнер бұйымдары, кондитерлік және сүт өнімдері… бәрі де ісмер қыз-келіншектердің қолынан шыққан. Қолдауға, арнайы бағдарлама түзуге тұрарлық.
Осы мезетті қалт жібермеген аудан әкімі Көпжасарова Жанаргүл мен Сизова Юлия сынды мүмкіндігі шектеулі ісмер әйелдерге (қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын) өз туындыларын тек осындай сәтте ғана көрмеге шығармай, ұдайы халыққа ұсынуына жағдай жасап, сауда үйлерінен орын қарастырып беруін аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Мереке Нұрланұлына жүктеді. Форум барысында белсенді кәсіпкер қыз-келіншектердің еңбегі ескерілі, алғыс хаттармен марапатталды.

Сәнім МЕҢДІБАЙ

Қалдыру жауабы бар