шаблоны wordpress.

«Ақмаржан» Ақсайға келді

Ақсай қаласына белгілі эстрада жұлдызы Заттыбек Көпбосынұлы келіп, аудандық Мәдениет үйінде концерт қойды.

Халықтың ерекше ықыласына бөленген «Ақмаржан» әнінің авторы Заттыбек Көпбосынұлының Ақжайық өңіріне келіп жүргенімен, Ақсайға тұңғыш рет қадам басқаны екен. Концерт алдында әншімен бір-екі ауыз сөйлесудің сәті түскен еді.

  • Аға, Бөрлі жеріне қош келдіңіз! Ақсайдан қандай әсер алдыңыз?
  • Рахмет. Ақсайға кіріп келгенде байқағаным, өзіне лайықты, шағын ғана әдемі қала екен. Енді азаматтары да өзіне сай деп ойлаймын.
  • Азаматтарын көрмедіңіз бе?
  • Жоқ. (Жымиып, басын шайқады).
  • Бүгін қандай әндер орындайсыз? Шығармашылығыңызда өзгерістер бар ма?
  • Әнші қашан да ізденіс үстінде жүреді ғой. Жаңа әндерім де, бұл жаққа әлі жете қоймаған өзге де әндерімді ала келдім. Репертуардағы әндерді бір концертке сыйғызу мүмкін емес. Алайда орындайтын әндерімнің қай-қайсысы да әнсүйер қауымның жүрегіне жетіп, өз бағасын алады деп ойлаймын. Бір жаңалығым, өткен жылдан бері қасыма ағалы-інілі жас әншілер Нұржан мен Дастанды ілестіріп, әншілікке баулып жүрмін. Бұл жігіттер «Нұр-Дастан» дуэті болып ән шырқайды. Орал және Ақтөбе қалаларына барып, осындай концертімді өткізбекпін.
  • Бүгінгі жас әншілер жөнінде не айтар едіңіз? Қазір әншілер көп болғандықтан, кейде оларды танып та үлгермей жатамыз.
  • Әншілердің көбейгеніне қарсы емеспін. «Өнерге кірер есік бар да, шығар есік жоқ» деген бар. Әншілік өнерді бастап, татап кетіп жатқандар бар. Өнердің нағыз иесін халықтың өзі анықтайды, тыңдарманның өзі таңдайды.
  • Аға, уақытыңызды бөлгеніңізге рахмет. Шабытыңыз тасып, шығармашылығыңыз арта берсін.

Концертке жиналған әнсүйер қауымның арасында еңбектеген баладан бастап қарияларға дейін болды. Алғашында тосырқап отырған көрермендер әнші он бесінші әнін орындағаннан кейін орындарында отырып билеп бастаса, соңында сахна алдына шығып, би көрігін қыздырды. Туған жер, ата-ана, құрдастар, ұстаздар тақырыптарындағы және көңіл тербетер лирикалық әндері арасынан «Дүнген қызы», «Кім ойлаған», «Ауылға кеткім келіп тұрады», «Әдемі», «Немереме», «Сені ойлап», «Мен сені аялаймын», «Өзің әдемім», жақында шыққан «Алғашқы кездесу», «Қыз ұзату», «Қызыл алма» әндерін орындады. Сондай-ақ он жыл күтіп, зарығып көрген перзенті Айзере есімді қызына арнап шығарған «Балбөбегім» әні мен «Ана» деген әніне көрермен зор ықылас танытты. Әншінің, әсіресе, тойларда зор сұранысқа ие болып жүрген әндеріне ақсайлықтар ерекше қошемет көрсетті. «Нұр-Дастан» дуэті «Бір болайық», «Жалғыз гүл» әндерін орындады.

Концертті қазақ тойының көркіне айналған «Ақмаржан» әнімен қорытындылағын әншіге көрермендер гүл ұсынып, жүрекжарды тілектерін білдірді. «Қалалық мәдениет және демалыс саябақтары» МКҚК директоры А.С. Саратаев аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атынан гүл шоғын ұсынып, «отбасың аман, шығармашылығың табысқа толы болсын» деген тілегін білдірді.

P.S. Халық сүйікті әншісімен жүздесті, дуылдай қол соға қошемет білдіргендерінен-ақ концерттің көңілдерінен шыққаны анық байқалды. Дегенмен, көрермендердің бір «әттеген-айы» көрініп-ақ қалды. Ертіп әкелген кішкентай балаларын зал ішінде қараусыз жіберіп, шуылдатып қойды. Бұл жағадайға әншінің өзі де басын шайқап, «Балаларыңызға ие болсаңыздар. Әйтпесе, ыңғайсыз екен…», — деп наразылығын жайымен ғана білдірген еді. Ендігі жерде көрермендердің Мәдениет үйінің мәдениетін естен шығармағандары абзал секілді. Әйтпесе, тағы да қандай сын естірімізді кім білсін.

Ясипа РАҚЫМҚЫЗЫ.

Добавить комментарий


Warning: Missing argument 1 for get_sidebars(), called in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/single.php on line 28 and defined in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/lib/Themater.php on line 520