шаблоны wordpress.

Аудан әкімінің шырайлы шыршасы

Мерекелік қойылыммен өріліп, түрлі сый-сияпаттармен толығатын дәстүрлі шырша тойы биыл да ерекше мағынада өтті.

Ақсайда аудан әкімінің жаңажылдық шыршасы ұйымдастырылып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балаларын, озат оқушыларды және халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздарын қызық-қуанышқа кенелтті. Аталмыш шараға аудан әкімі С.Әлиев бастаған мекеме басшылары, халық қалаулылары, селолық округ әкімдері және әртүрлі жастағы 110 бала қатысты.Түрлі ертегі кейіпкерлерінің бейнесіндегі жаңажылдық костюмдер киген балақайлар алдында, кең сахнада мерекелік қойылым шымылдық түрді. Әсерлі мереке мен әдемі шараға ұласқан жаңажылдық кешке аудан әкімі Санжар Әлиев арнайы қатысып, құттықтау лебізін білдірді. «Құрметті балалар, кішкентай балақайлар! Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Сендер ата-аналарыңды үнемі қуантып жүріңдер. Зерек әрі білімді болыңдар! Сендердің жақсы оқуларың үшін мемлекетіміз барлық жағдай жасап отыр. Шырайын бермейтін осы шырша секілді жайнап, жайқалып өсе беріңдер. Болашақтарың жарқын болсын!» — деді Санжар Жұматайұлы. Сонымен қатар аталмыш мерекеге көршілес Орынбор облысының Елек ауданынан оқушылар қатысып, Аяз Атаға өз өнерлерін көрсетті. Әкім шыршасы әртүрлі кейіпкерлер қатысқан музыкалық композициямен өріліп, думанға айналды. Сахна төрінде әсем әндер айтылып, көз тартар көрініске толы қойылымдар орындалды.
Шараны ұйымдастыруға аудандық білім беру бөлімі, аудандық мектептен тыс жұмыс орталығы және аудандық балалар өнер мектебі мен аудандық саз мектебінің ұстаздары мен шәкірттері тікелей мұрындық болғандығын айта кеткен жөн. Жарқын мереке барысында әр бала бір дорба тәтті сыйға алды. Қарымта ретінде балалар әсем ән салып, мың бұрала би биледі. Жаңажылдық шырша шамы жағылып, айнала нұрға бөленді. Үлкендер де балалармен бірге шаттанып, жастық шақтарын естеріне алып, риза болып жатты. Балалардың шат күлкісі жанға шуақ шашып, ертегі әлеміне кіргендей күй кешті.
Ыстық ықылас, жылы пейіл, көл-көсір қуанышқа толы әкім шыршасының барша балақайға ерекше шаттық сыйлағаны анық.
Гүлназ, аудандық № 6 ЖОББМ оқушысы: — Әкім шыршасы өте көңілді өтіп жатыр. Мен сабақты жақсы оқумен қатар көптеген ән байқауларының республикалық жүлдегерімін. Сондықтан да осы мерекеге шақырылып, қазір қуанышты сәтте тұрмын. Бізге Жаңа жылда керемет көңіл-күй сыйлаған аға-апаларға үлкен рахмет!
Аяжан, Ақбұлақ МБК оқушысы: — Көптеген достар табуға сеп болған осы мерекеде барша ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Жаңа жылды біз осындай ерекшелігі үшін асыға күтеміз. Армандаймыз. Шындығында Жаңа жыл армандар орындалатын мереке.
Айымгүл, Григорев МБК оқушысы: — Мен бұл мерекеге екінші рет қатысып отырмын. Былтырғы танысқан достарымды да көріп қуанып жатырмын. Олар да осы мерекеге қайтадан шақырту алуы үшін сабақтарын жақсы оқуға тырысыпты. Осындай жарқын мерекеден қалмау үшін біздер шынымен жыл бойы жақсы оқуға тырысамыз.

Сәнім МЕҢДІБАЙ

Добавить комментарий


Warning: Missing argument 1 for get_sidebars(), called in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/single.php on line 28 and defined in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/lib/Themater.php on line 520