шаблоны wordpress.

Қайран біздің әжелер, арды ойлаған!

Ақсай қаласының «Ақ жаулықты әжелер» халықтық ансамблі өзінің 15 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті.

Мереке иелерін арнайы құттықтап келген аудан әкімі Санжар Әлиев ардақты әжелермен қазақы салтпен жекелей амандасып, өз атынан және халық атынан ризашылығын білдірді.Мереке барысында әжелердің осы уақыт аралығында жүріп өткен өнер жолдарынан бейнеролик көрсетіліп, ақылгөй әжелеріміз халық әндері мен қара өлеңді де әуелете шырқады.Кимешек киген қазыналы қарттарымызға көршілес Маңғыстау облысынан «Ақ тілеу» әжелер ансамблі және басқа да аудандар мен ауылдардағы әжелер ансамбльдері экран арқылы құттықтауларын жеткізіп жатты. Ақжаулықтылар тек әннен шашу шашып қана қоймай, «Қызды оң босағаға отырғызу», «Тулақ шашу» сынды салт-дәстүрлерді әнді орындай отырып, көпшілік назарына ұсынды. Нар көтере алмас зілдей жүкті осындай жаста иығына салып, құлақтан кіріп, бойды алар әсем әндерімен көпшілікке ой салып жүрген батыл ойлы, қазақтың салт-дәстүрімен, жөн-жоралғысын біте қайнасқан әжелеріміздің осындай іс-әрекеттеріне жан сүйсінеді. Биылғы жылы, Ұлыстың ұлы күні әжелер ансамблі жанынан «Ақ босаға» келіндер клубы ашылғандығы ел есінде болар. Міне, сол клуб жанынан мерейтой барысында «Үкілі ару» бойжеткендер клубының тұсауы кесілді. Қашан да жеңге мен қайын сіңілі жарастығын тілейтін асыл әжелеріміздің осы бір керемет бастама шымылдығының лентасын мәдениет саласының ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің мәдениет және спорт комиссиясының тұрақты төрайымы Г. Кадешова қиды. Рухани кеш барысында ақжаулықтылар «Дедімай-ау», «Туған жер», «Астана кеші», «Айналдым елім», «Немерем» әндерін орындады. Әженің нағыз көрінісі «Немерем» әнін кішкентай немерелерін емірене искей отыра орындағанда айырықша сезілді. Осы бір шырайлы шара – көненің көзіндей, жақсының өзіндей болған ақжаулықтыларымызға деген кейінгі буынның ілтипаты мен марапатының куәсіндей болды. Әжелерге жолданған алғыс хат пен мақтауларда сан жоқ. Мерейтой соңында сахна төріне қайта көтерілген аудан әкімі С. Әлиев пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қ. Мұсағалиев сый-сияпаттарын табыс етті.

Сәнім МЕНДІБАЙ

Добавить комментарий


Warning: Missing argument 1 for get_sidebars(), called in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/single.php on line 28 and defined in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/lib/Themater.php on line 520