шаблоны wordpress.

Халықтың бақуатты болуы – бірлікке тәуелді

Бөрлі ауданына арнайы іссапармен келген ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің жанындағы дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, белгілі дінтанушы Әбуов Тұрар Түгелұлымен сұхбат.

– Құрметті Тұрар Түгелұлы, Елбасымыздың 5-ші қазандағы жолдауына қысқаша тоқтала кетсеңіз?
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында әлеуметтік мәселелердің маңыздылығына тоқталып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту басты міндет екенін баса айтып өтті. Бұл жаңа жолдауда азаматтарды толғандырып жүрген көптеген сауалдарға жауаптар берілді, оның басты басымдығы — қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мәселесі. Халықтың бақуатты өмір сүруі үшін ең әуелі елдің бірлігі қажет. Ынтымағымыз ыдырамаса, ел үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтынын айтқым келеді. Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудың мәні зор. Бір үзім нан үшін босқынға айналған елдердің өмірінен сабақ алсақ, ел тыныштығы мен тәуелсіздігімізден артық құнды байлық жоқ екеніне көзіміз жете түседі. Бүгінде әлем экономикалық қана емес, рухани дағдарысқа да ұшыраған. Діни дүрдараздықтар мен ұлтаралық жанжалдар дөңгеленген дүниені әлі де жағадан алып тұр. Сондықтан ең бастысы қоғамда мәмілегерлік пен өзара сенімді нығайтып, қоғамда ізгілікті насихаттау басты мәселе болып қала бермек. Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында Елбасы айқындаған стратегиялық бағытты ұстану – еліміздің әрбір азаматының міндеті дер едім. Жолдауда 2019 жыл «Жастар жылы» жеп жарияланды. Осы орайда дінтанушы ретінде жастарды отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеуде дінтанушылардың да дін қызметкерлерінің атқарар міндеті зор. Мемлекет жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ұлттық тәлім-тәрбиеге баулуда маңызды істердің қолға алынғанынан көпшілік хабардар. Сонымен қатар мұғалімнің мəртебесі туралы заң қабылдау мəселесі өте оңды дүние болғанын айта кеткен абзал. Елбасы Жолдауы күллі қазақстандықтарға ортақ міндеттерді жүктеп қана қоймайды, жолдаудың жүгі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске кірісуді талап етеді.
– Жаңа сөзіңізде жастарды отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеуде дінтанушылардың да дін қызметкерлерінің атқарар міндеті бар екенін тілге тиек еттіңіз. Осы орайда қоғамда азаматтарымыздың жалпы дін туралы түсінігі қаншалықты деңгейде?
Сауалыңыз орынды. Көптен бері дін тақырыбына арналған кездесулерде, семинарлар мен конференцияларда баяндамалар мен дәрістер оқып жүрміз. Сонда қатысушылар, әсіресе жастар тарапынан қойылатын сұрақтардың басым көпшілігі дін, салт-дәстүр, дін атын жамылған теріс пиғылды діни ағымдар төңірегінде болады. Жалпы «Дін дегеніміз не?» деген сұрақтар жиі қойылады. Байқағаным кейбір жастарымыздың әлі де болса діни санасы дұрыс қалыптаспаған, «дін» туралы түсінігі саяз екендігін аңғаруға болады. Жалпы дінсіз қоғам жоқ деседі. Бірақ дінде жалпылама ұғымдар көп, бір діннің ішіндегі қайшылықтарының өзі жетіп артылады. Мұсылман дінінің тиімді жақтарын қоғам игілігіне жаратып, біздің салт-дәстүрімізге, саяси, әлеуметтік құрлысымызға үйлеспейтін тұстарын түсіндіріп, сақтандырып отыру – баршамыздың ортақ борышымыз. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытауда берген сұхбатында: «Дінге бас ұрып жүріп, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек. Бізге зиян келтіретін дін ағымдары бар. Қан төгіп, соғыспен, дінмен мемлекет орнатып, мемлекеттік дін жасаймыз деп жүргендер бар. Баяғы Мұхаммед пайғамбардың сахабалары тұсындағы, Әбубәкір, Омар, Осман, Әлидің кезіндегі халифатты қайтадан орнатамыз деген ұмтылыс жаулап алу ниетінен туған болатын. Біз бұдан ажырап, дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек» – деген болатын.Дін – адам мен мінсіз болмыстың (Алланың, Жаратушының) арасындағы табиғи байланысы. Дін тек Құдайға деген құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Ол – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін жол. Дін – адамгершілікке, ізгілікке шақыратын сана. Жаратушы мен пенденің арасындағы байланыстың алтын көпірі, адам санасын тәубеге жүгіндіріп, пенделік ойлардан арылтып, жанын тазартады. Сонымен қатар жалқаулық пен бұзық ойлардан аулақ болуға, еліне қызмет етуге, жаратылғанға жанашырлық көрсетуге, адами қасиеттер мен көркем мінез-құлықты болуға, «қоғамнан не алсам» деп емес, «қоғамға не берсем» деген санаға жету жолын көрсететін құндылық болып табылады. Ол кез-келген халықтың мәдениеті мен салтына айналған рухани құндылықтардың бірегейі.
– Діннің кемелдігінің негізі тақуалық. Сол тақуалықтың өлшемі қандай?
Ислам ғұламалары тақуалық сөзін «сақтау», «аз сөйлеу», «қорғау», «әдепсіз әдеттерден, зиянды нәрселерден аулақ болу» деген мағыналарда екенін айтады. Демек тақуалықтың түпкі мәні күнәлі істерден, ұятты әрекеттен алыс болу екендігін меңзейді. Біз бүгінгі қоғамда жалпы «діндарлық» ұғымын білгеніміз жөн секілді. Діндарлық – адамның діни көзқарасының, психологиясының, тәртібінің, өмір сүру салтының көрінісі. Ол құбылыстарды, оқиғаларды, қарым-қатынастарды сенім тұрғысынан қабылдау және бағалаудан тұрады. «Діндар адам» деген – діннің әмірлерін орындап, тиымдарынан бойын аулақ ұстайтын жанды айтамыз. Былайынша айтқанда тақуа адам. Дін мен діндарлықтың аражігін ажырата білу керек. Діндарлық – иман мен ғибадаттан бастау алған дәреже. Сондықтан «діндар боламын» деген кісі алдымен иманын қуаттандырып, ғибадатын толық орындауы керек дейді дін қызметкерлері. Осындайда Шәкәрім:
«Сыртыңды сыланасың сән беріп,
Ішіңнің түзетпейсің хатасын.
Айла мен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орына атасың.
Жалғанның бір пайдасын көргенде,
Арланбай арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың», – деген болатын. Бұл өлең адамның ішкі кемелдігі (тақуалығы) мен діндарлығының кемшіліктерін көрсетіп отыр.
Әрине, діндар болу оңай емес. Діндарлық мұсылман адамның киетін киімі тәрізді. Дінді ұстанған жастарымыз дәл осындай киіммен сәнденгенде ғана «қалыпты діндар» болмақ. Біреуге еліктеп, сырттағы жалған уағыз насихатқа, теріс пиғылды діни идеологияға еріп кетсе жалған діндарлықтың киімін киген болады. Мұндайда халқымыз: «Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөзі еске түседі.
– Қазіргі таңда мұсылмансың ба, қазақсың ба деген сауал қойылып жүр. Мұндай сауал орындыма? Ислам діні ұлт туралы не дейді?
Дұрыс айтасыз, қоғамда кейбір деструктивті діни ағымның жетегіне кеткен азаматтардың арасында «қазақсың ба, әлде мұсылмансың ба» деген ауытқу сұрақтар бар. Демек бұл дұрыс емес. Біздің қазақ болғанымызға өзіміз себеп емеспіз ғой. Құдай адамдарды бір ер, бір әйел адам қылып жаратып, солардан таратты. Құдай құранда ұлт ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдім дейді. Қазақ пен мұсылманды бөліп қарау дұрыс емес. Олардың ойы – ұлт болмау керек, тек мұсылман болуың шарт дейді. Ислам діні адам баласынан ұлтыңнан бас тартуға үндемейді. Ислам үшін «ұлт», «нәсіл», «тек» секілді ұғымдардың таңсық еместігі айқын көрсетілген. Ал исламның болмысы мен рухына жат дәстүрлі емес жолды ұстанатын діни ағым өкілдері ұлт арасына жік салып, мемлекетіміздің тұтастығын бұзуды көздейді. Тіпті мемлекетіміздің тұрақтылығына өз ықпалын тигізіп отырған ислам дінінің құндылықтарын бұрмалап, ұлттың ата-бабадан жалғасып келе жатқан салт дәстүрлерін теріс насихаттап жүр. Кезінде жетпіс жыл бойы Кеңес үкіметінің бұғауында болған қазақ халқы ұлтсыздандыру саясатын әлдеқайда басынан кешіп, жерін, тілін, дінін намыс шүберегіне орап, қастерлеп, сақтап қалды емес пе?! Бүгінде жат діни идеологияны ұстанушылар мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызбен сабақтасып өрілген ұлттық құндылықтарды жою арқылы ұлттың өзін жоймақ ниетте! Біз осындай шектен шыққан көзқарастардың алдын алуымыз керек. Мұндайлар мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретіні айдан анық. Түркілер заманында бір кісі данышпанға келіп:
– Мұсылмансызба? — деп сұрапты. Сонда данышпан:
– Аллаға шүкір, түркі мұсылманмын, — деп жауап берген екен. Жауабына таң қалған әлгі кісі, Одан:
– Неге бұлай дедіңіз? — деп сұрағанда:
– Түркілік менің тағдырым, ал мұсылмандық менің таңдауым, — деп жауап берген екен.
Демек кез келген бір ұлттың ұрпағы болып туылу ол адам баласының маңдайына жазылған тағдыры. Оны ешкім де өзгертуге шамасы келмейді. Сол ұлттың рухани құндылықтарымен, салт-дәстүрімен өмір сүруі тиіс. Одан баз кешуге болмайды. Ал дін таңдау әркімнің діни сенім бостандығы, еркіндігі. Ислам дінін де зорлық жоқ екенін айтады ғұламалар. Сондықтан ұлт деген ұлы ұғымды қадірлей білсек қана діннің қасиетін түсіне де ұғына да аламыз. Осыдан басқа да айтарым жоқ.
— Ақсай жұртына ақжарма тілегіңіз!
«Бағалай білмегенге бақ, қадірін білмегенге құт қонбайды» дейді халқымыз. Бүгінгі Қазақстанның жеткен жетістіктері бірліктің арқасы. Сондықтан елдің бірлігі – ең асыл қасиет. Қорыта айтқанда, бірлігі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен жетістігі мол болмақ. Бірлікте болайық! Бағанадан бергі сұхбаттың түйіні де осында жаты.

Мейрамбек СЫДЫҚОВ

Добавить комментарий


Warning: Missing argument 1 for get_sidebars(), called in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/single.php on line 28 and defined in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/lib/Themater.php on line 520