шаблоны wordpress.

Майдангер атамызды еске алайық…

1941-1945 жылғы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 73 жыл толды. Қанша жыл өтсе де бұл соғыс салған жара әлі жазылар емес. Сол сұрапыл қырғыннан елге аман оралғандар қатары сиреді.

Майданға 1942 жылы шақырылып, 1-ші біріккен батальонның 1315-ші атқыштар полкінің автомат ротасының құрамында Сталинград қаласын немістерден босатуға қатысқан, содан Берлинге дейін жеткен Садық Мәмбетәлиев елге 1945 жылы оралды. Ол майданға дейін Алматы қаласында мұғалімдер институтын оқып бітірген соң, еңбек жолын Семей қаласында бастаған екен. Бұдан кейін елге оралып, Қаратөбе орта мектебінде ұстаздық етті. Жалпы Садық аға 1918 жылы Жымпиты ауылында дүниеге келген. Ол кезде «Қызыл үй» деп атайтын Жымпиты орта мектебін бітірді. Жастайынан жетім қалып Фазыл Рахметуллин деген әкесінің туысы асырап алып, қамқорлығын аяған жоқ. Ақыл-кеңес, үлкен өмірге жолдама берді. Әсіресе майдангер есінде қалған Шығыс Пруссияны жаудан азат ету, Хальсберг, Ландеберг, Халигенбайль қалалары үшін болған қырғын соғыс. Тірі жұргенде Садықтың қанды жолдастарының жау оғынан қаза тапқаны, ауыр жараланып госпитальда емделгені көз алдынан кетпейтін. Осы жан алып, жан беріскен соғыста Садық Мәмбетәлиев үш рет жараланады. Госптальда қысқа мерзімде емделгеннен кейін қайта қатарға қосылды. Елге оралғанда майдангер ағаның омырауында Қызыл жұлдыз, ІІ-і дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Ерлігі үшін» және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін медальдары жарқырайтын.
Соғыс жеңіспен аяқталды. Жыпитыға оралысымен бейбіт еңбекке араласып, жастарға білім мен тәрбие беруге белсене араласты. Тасқүұдық орта мектебінде 1951 жылдан зейнет демалысына шыққанша қатардағы мұғалімнен директордың мектептен тыс, оқу ісі, тәрбие беру жөніндегі орынбасары болып жемісті еңбек етті.
Ұзақ жылдар бойы жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие бергені үшін Қазақ ССР-нің білім беру ісінің үздігі төсбелгісі берілді. Бұрынғы жауынгерлік медальдарының қатарына Ұлы Отан соғысы Жеңісінің мерекелік 8 медалі, басқа марапаттар қосылды. Тасқұдық орта мектебінде директор болып жұмыс жасаған Садық Мырзағалиев ол жөнінде былай деп еске алады. — Тура жүріп, бар еңбегін бала тәрбиелеуге жұмсаған өз ісінің шебері, жөнсіз әңгіме дегенге қас жаны таза азамат еді, — дейді. Мақтағанды жаратпайтын, мектепте жұмыс жасап жүргенде жергілікті басшылар КПСС қатарына өтсейші деп талай үгіттеді, бірақ ешқандай партияға кірген жоқ, қарапайым ұстаз, құрбылары арасында құрметті азамат, ақсақал болып өмәірден өтті, — дейді үлкен ұлы Мұрадым.
Марқұм Садық ағай мен Меңсұлу әжей 3 қыз, 5 ұл өсіріп тәрбиеледі. Жақсы отбасында, үлгілі ортада өскен қыздары да, ұлдары да тұрмыс құрып, үйленіп бір-бір отау иелері атанды. Соғыс және еңбек ардагері Садық Мәмбетәлиев биыл тірі болса 100 жасқа толар еді. Қартайып өзінен күш кете бастаған соң, Садық ағай Ақсай қаласына көшіп келіп, кіші баласы Манарбектің қолында болды. 82 жасында қайтыс болды. Ең үлкен баласы Мұрадым Садықұлы Қазақстан элеваторында ұзақ жыл жұмыс жасап зейнеткерлікке шықты. Зайыбы Әслима 6 бала тәрбиелеген «Күміс алқалы» ана. Мұрадымды күн сайын Ақсай қаласындағы саз мектебіне немересін жетектеп келе жатқанын көреміз. Сол кездесудің бір сәтінде «Қуақа, биыл әкем тірі болса 100 жасқа толар еді, өткен өмірге өкінбейміз ғой, «өлгенді еске алмай — тірі байымайды» деген қазақта мақал бар, газетке жазып ұрпақтары атасын еске алсын» деген еді. Осыған орай 9 Мамыр — Жеңіс күні қарсаңында қолыма қалам алып, Мұрадымның аманатын орындап отырмын. Кешегі қан майданға бастан аяқ қатысып, елге аман оралған, онан кейін жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, зейнет жасына жетіп қайтыс болған марқұм майдангер ағаның өмір жолы, еңбектегі тәрбиесі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген мақсатпен осы мақаланы қағазға түсірдім. Ер ерлігі ешқашан ұмытылмайды, кейінгі ұрпақтар есінде мәңгі сақталмақ.

Қуанышқали ҒҰСМАНОВ

Добавить комментарий


Warning: Missing argument 1 for get_sidebars(), called in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/single.php on line 28 and defined in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/lib/Themater.php on line 520