шаблоны wordpress.

Халық қадірлеген Мүсіреп әулие

Тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттік атқаруы тиіс міндеттерін межелеп берген мақала біздің де тебіренуімізге түрткі болды. Себебі бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы айтылады.

Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз — елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Сондықтан Елбасы мақаласында заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр. Оған әрбір Қазақстанның азаматы өз үлесін қосуы керек. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар.
КСРО кезіндегі киелі жерлеріміз ұмыт қалып, тарихымызды жасырып, мәңгүрттікке жол бастады. Ендігі жерде жыртығымызды жамап, тесігімізді бітейтін уақыт та келіп жетті. Сол мақсатта мен де тырнақтай болса да өз үлесімді қосу үшін қолыма алып, үлкендер жағы пір тұтса, жастар жағы көп біле бермейтін Мүсіреп ата әулиені жас ұрпаққа таныстырғым келеді. Бүгінгі таңда оның қадір-қасиетіне көпшілік бас иеді. Бүгінде Мүсіреп ата рухына дұға оқымай, бет сипамай өтетін жан жоқ. Қараоба өзені бойында көпірден 100 метрдей жерде жерленген ата аруығы, оның көріпкел болғаны туралы ел аузында жүрген аңыз әңгіме де аз емес. Сол себепті, көкейімізде жүрген сауалдарға толыққанды жауап алу үшін, атаның қабірінің басына мазар тұрғызған Гүлайым мен Абай Меңдіғазиевтармен сұхбаттастық. Олар Мүсіреп ата жайында былай әңгімелейді:
— Шын есімі – Мысырғали. 1870-1930 жылдары өмір сүрген. Көріпкел, намаз оқып сопы болған кісі. Әкесінің аты Құрманқұл. Руы – Тама. Бұрындары осыдан 10-11 жыл бұрын Қараоба өзенінің бойынан өткенде сол жерде бір ата бар деп естуші едік. Қазақстанның бүкіл әулие бар жерлерін аралап келгеннен кейін 2007 жылы Мүсіреп атаның басын көтеретін болып шештік. Ең бірінші құлпытасын қойған Жарас Машар болатын. Мал сойып, үлкен садақа бердік. Содан бастап ата менің түсіме кіріп, аян беретін болды. 2009 жылы мазардың қасынан үй салдық, қазір онда шырақшы тұрады. Көбіне Оренбургтан, Самарадан кісілер келіп, түнейді. Түнерден бұрын толық дәретпен, дұрыс ниетпен келу керек», — дейді Гүлайым Сатыбалдықызы.
Жалпы Мүсіреп әулиенің әкесі Сейтқазының Сыйдық деген інісі болған. Одан Арыстан деген бала болған. Ол кісі әулие атаның қасында жерленген. Одан Абай есімді ұрпақ қалған, ол кісі қазіргі таңда Бөрлі ауылдық округінде тұрады екен.
— Атаның басын көтерер алдында Абай Арыстановтың алдынан өтіп, келісімін алдық. Қазір атаның басында тұратын шырақшыға жалақы беріп тұрамыз, киімін де, тамағын да алып береміз. Ал жол бойында тұрған жәшікке түсетін ақшаны Бөрлідегі қарттар үйіне беріп, көмектесіп отырамыз. Отын аламыз, жағдайы төмен отбасыларға береміз. Көбінде кейбір адамдар атаның қасиетінің барына немесе көмектеседі дегенге сенбейтіндер де табылып жатады. Атаның талай жағдайдан алып шыққан кездері болған. Мысалы, бір оқиғаны айтайын, атаның басына түнек үйді салып жатырған кезде бір Мұрадым есімді жігіт бізді кешкілікте апарып-әкеліп жүрді. Өзінің алатын жалақысы да мардымсыз, несие төлеп отырды. Бір күні сол жігіт «атаның басына қонайыншы» деп ұсыныс білдірді. Біз рұқсатымызды бердік. Үйдің ішінде шабандардың киетін шапаны болды, сол шапанды киіп суретке түскен болатын. Суретті қараса, жігіттің артында қабырғада атаның жантайып жатқан суреті шыққан екен. Мүсіреп атаға бізді апарғалы сол жігіттің жолы ашылып, үйленіп, жақсы жұмысқа тұрды. Тағы бір оқиғамен бөлісейін, атаның басында алпыс шақты қой бар. Кейде қой жоғалып кетеді, мен барып атадан тілек тілеймін: «ата, қойды тауып алып кел!», деп сол кезде қой қайтып келетін. Шын ниетіңмен атадан барып көмек сұрасаң, ол көмектеседі, — деп ерлі зайыпты Меңдіғазиевтар сөзін аяқтады.

Аида ЕСЕНАМАНҚЫЗЫ

Добавить комментарий


Warning: Missing argument 1 for get_sidebars(), called in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/single.php on line 28 and defined in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/lib/Themater.php on line 520