шаблоны wordpress.

Жолбарыс батыр туралы дерек бар

Бөрлі ауданы қаласының құрметті азаматы, зейнеткер Жолдығали Батырханов бала кезінен өзінің батыр бабасы Жолбарыс батыр жөнінде түрлі әңгімелер естіп өскен қария жасы оннан аса бере-ақ осы батыр жөнінде шын мәніндегі нақты әрі толық мәлімет білуді армандап өседі. Міне, содан бері жетпіс жылдай уақыт өтті. Қарияның қолына Жолбарыс Торыұлы қазақ тарихында шынымен болған, жай адам емес, батыр да старшын болған деген ресми дерек тиіп отыр.

Бұл күнде сексеннің сеңгіріне шыққан Жолдығали Жалмағамбетұлы — XIX ғасырда өмір сүрген, осы ауданда туған Жолбарыс батыр Торыұлының төртінші ұрпағы. Жолбарыс батыр Торыұлының туған жері Байжиен, қазіргі Кеңтүбек ауылдық округі. «Ол кісінің талай мәрте елін, жерін сырт көзден, барымташылардан қорғап қалғандығы, көзсіз батырлығы, аруақтылығы, қайраттылығы туралы ел ішінде аңыз әңгімелер өте көп», — дейді Жолдығали қария. Қария айтып өткендей, батыр туралы 1991 жылдан бастап аудандық, облыстық және республикалық басылым беттерінде мақалалар жарияланған. «Бала кездегі «бабам туралы білсем» деген арманымнан осы кезге дейін қол үзген жоқпын. Ес біліп, ержеткен соң да атамыз туралы ақпарат іздестіре бастадым. Шындығында, бұл жұмыс ғылым секілді бітпейтін жұмыс екен ғой», — деп сәл ойға шомған қария сөзін әрі сабақтады, – Жолбарыс Торыұлы туралы айтып, жан-жақтан сұрастыра бастағанымда, менің бұл тірлігіме күле қарағандар да болды. Өзімнің замандастарым арасынан «жоқ кісіні неге іздейсің» дегендер де табылды. Бірақ мен ізденісімді тоқтатпадым. Орал мен Орынбордың мұрағаттарында болдық. Ақтөбеге де бардық. Биыл мамыр айында Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағатынан қуанышты дерек алдық. Іздегеніміз табылды, ақ түйенің қарны жарылды. Ресми түрде, мөр басылған құжат қолыма тиді. Бұл құжаттар Жолбарыс Торыұлы тарихта болған адам екенін растайды».
Қарияның қолында төрт құжат бар. Мәселен, бір құжат 1853 жылы 21 желтоқсанда басталып, 1854 жылы 3 ақпанда аяқталған. 42 беттен тұрады. Бұл құжатта Жолбарыс батырдың старшын екені, алған наградалары жазылған. Басқа құжаттарда да батырға қатысты нақты деректер кездеседі. Сондай-ақ 1824 және 1846 жылғы құжаттар да бар. Сол кездегі орыс тілінде жазылған құжаттарды қарияның қызы Балкүміс Жолдығалиқызы өз бетінше аударып жатыр екен. «Папамыз атасы туралы мәлімет табуды 12 жасынан бері армандап жүрген ғой. Жан-жақты іздеуін тоқтатқан жоқ. Біз, балалары, батыр атамыз болған ба, жоқ па деп күмандана бастағанбыз. Қазір бізде Жолбарыс батыр туралы шынайы деректер бар», — деген Балкүміс Жолдығалиқызы әкесінің еңбегі еш кетпей, арманының алдамағанына қуанатындықтарын айтты.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Х. Әбжанов Жолдығали қарияның жолдаған хатына: «Жолбарыс Торыұлының есімі архив құжаттарында кездеседі. Деректерге қарағанда, ол өзі өмір сүрген XIX ғасырдың әлеуметтік-саяси оқиғаларына қатысқан, батыр және старшын атағына ие болған тарихи тұлға. Институт қызметкерлерінің тақырыпты зерттеулер бойынша жинаған архивтік материалдары ішінде Жолбарыс Торыұлының да аты ұшырасады. 1823 жылы Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс кезінде Ресей шебінде жасалған бір шабуылға қатысқаны туралы бір дерек бар. 1847 жылы Орынбор Шекара комиссиясы тарапынан қызыл шұғамен, алтын жалатылған оқамен, алтын баумен марапатталған. 1854 жылы Анна лентасындағы күміс медальмен марапатталуға ұсынылған (ҚР Орталық Мемлекеттік архиві, 4-қор, 1-тізбе, 2725-іс). Тұлға туралы деректер арнайы ізделген жағдайда Торыұлы туралы басқа да архивтік мәліметтер кездесуі мүмкін», — деп жауап қайтарған екен.
Жолдығали Жалмағамбетұлы Ақсай қаласындағы бір көшеге батыр бабасының есімін беруді көптен бері ойлап жүр. Қолында тұрғындардың Ақсайдағы Юбилейная көшесін батырдың есімімен атауға қарсы еместіктерін білдіріп, басым көпшілігі қол қойған қағаз да бар. Қария «Батырдың рухын ұлықтау, қастерлеу, насихаттау мақсатында Ақсай қаласының Юбилейная көшесінің атауын өзгертіп, Жолбарыс батырдың есімі берілсе» деген өтінішпен өткен жылдың қараша айында аудан әкіміне хат жолдаған екен. Бұл хатқа аудан әкімдігінен «Бөрлі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Ақсай қаласы әкімінің халықтың пікірін ескеру қорытындысы бойынша облыстық ономастикалық комиссияның қарауына Ақсай қаласының Юбилейная көшесіне Жолбарыс батыр атауын беру бойынша ұсыныс енгізеді. Облыстық ономастикалық комиссияның оң қорытындысын алған кезде ғана ұсынысыңыз қанағаттандырылады» деген жауап алған. «Енді көшеге батырдың есімі берілсе, бабаға тағзым еткеніміз әрі мәңгілік ел болуды мұрат еткен бүгінгі ұрпаққа тарихи тұлғаны насихат еткеніміз деп білемін», — дейді Жолдығали қария.

Ясипа РАБАЕВА

Добавить комментарий


Warning: Missing argument 1 for get_sidebars(), called in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/single.php on line 28 and defined in /home2/burevestnik.kz/www/wp-content/themes/FinancePress/lib/Themater.php on line 520