6.03.2018, 11:20
Қараулар: 26
Өнер майталманы – Ақсайда

Өнер майталманы – Ақсайда

Өнер қайраткері қазақстандық танымал актер Тұрсынбек Қабатов жаңғырудың жарқын жолы ретінде мектеп бағдарламасына домбыра сабағын қосу туралы бастама көтерген болатын. Аталған ұсынысты алғашқылардың бірі болып бөрлілік ағайын қолға алды. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіру мақсатында кәсіпкер Нұрсұлтан Дарханов өңірдегі балалар саз мектебіне 50 домбыра тарту етті.

Бөрлі жеріне кезекті сапарымен келген өнер майталманы Тұрсынбек Қабатов өзі айтқан ұсыныс аяқсыз қалмағандығын көріп қуанды. Бұл кездесуде балалар саз мектебінің жас домбырашылары әзілкеш ағаларына Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап берді. Бүгінде аудандық балалар саз мектебінде 404 бала тәлім алса, домбыра сыныбында жүзге жуық шәкірт бар. Ендігі мақсат балалардан үлкен оркестр құрап, дархан даланың дарынды, ұлы күйшілерінің күйлерін үйреніп, халыққа паш ету, дейді саз мектебінің ұжымы.
Өнер майталманы, қолына айфон емес, домбыра ұстап, бойларын мақтаныш кернеген оқушыларды көріп ерекше қуанды. Бұл бастама алдымен Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламсы аясында қолға алынғандығын айтқан аудан басшысы Алдияр Халелов жақын күндері өңірдегі ірі кәсіпорын «Қазбұргаз» компаниясы аудан оқушыларына 250 домбыра сыйға беретіндігін тілге тиек етті.
«Ұлттық аспапта ойнайтын балалар төл тарихымыз бен әдебиетімізді біліп, мәдениетімізді ұлықтайтындығына кәміл сенемін. Әр қазақтың баласы шет елде домбыра арқылы ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, тарихымызды баяндап, кең байтақ қазақ деген елдің бар екендігін айта алады. Осындай істі қолға алып жатқандарыңыз көңілді қуантады. Оқушылардың домбыраны жатырқамай, шын ниетімен қабылдап тұрғаныны өзі мақтаныш. Ақсай қаласы дарынды тұлғалардан кенде емес. Атына заты сай болған Нұрсұлтан ағамызға зор алғыс» — деді, Тұрсынбек Қабатов.
Жалпы, есімінің өзі әр адамның жүзіне күлкі сыйлайтын бұл азаматты бүгінде еңбектеген сәбиден, еңкейген кәріге дейін жақсы көретіндігі сөзсіз. Бүгінде өзі құрған «Әзіл әлемі» театрына жетекшілік етіп жүрген Т.Қабатов аудан басшысының құрметіне ерекше риза болды. Өз кезегінде танымал әзілкеш туған елге келгенде ерекше әсер алатындығын айтып, өнер, мәдениет саласына қамқорлық танытып жүрген аудан басшыларына алғысын айтты.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Қалдыру жауабы бар