21.09.2018, 11:38
Қараулар: 19
Өнегелі ұрпақтың парасатты ісі

Өнегелі ұрпақтың парасатты ісі

Бөрлі өңірінде қазақ халқының мәдени-тарихи құндылықтарын жас ұрпаққа насихаттау, шет жерлердегі қазақ диаспораларының тіршілігімен танысу, олармен тәжірибе алмасу бағытында атқарылған игі істер аз емес.Әсіресе, осы арнада қоғамдық ұйымдар мен ел азаматтарының атқарып жүрген жұмыстарының орны бөлек.

«Ағайын» қоғамдық бірлестігі Бөрлі ауданында бастау алып, қазірде Батыс Қазақстан облысы, шекаралас Ресей Федерациясына да кеңінен танымал. Жуырда ағайындықтардың ұйымдастыруымен Бөрлі колледжінде өткен басқосуға білім алушы жастар мен оқытушылар қауымы, тарихшылар, қоғам белсенділері қатысты .Бірлестік төрағасы, іскерлік әкімшілік қызметінің докторы  Болат Сарсенов осы жолы да азаматтығын танытып, ауданымызда жақында ашылған «Ұрпақтар» қоғамдық қорын таныстырды. Кездесуде  айтылған құнды ойлар туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлерін дәріптеу төңірегінде өрбіді. Қор директоры, мәдениет саласының құрметті қызметкері, өңірімізде белгілі қоғам белсендісі Балкүміс Батырханова отбасылық тарихи жәдігерден бастау алған тәлімді әңгімесін баяндап берді. Ата – бабаның көзіндей болған сол темір сауыт Батырхановтар әулетіне үлкен тарихи зерттеу жұмыстарын бастауға түрткі болды. Жолбарыс-батыр есімін көпшілікке насихаттауға жол ашты. Сөзсіз, шаң басқан архивтерден ғайып болған бабалар ізін табу ерлікті, күш – жігерді, уақытпен санаспауды, үміт отын сөндіріп алмауды қажет етеді. Осы асыл қасиеттердің барлығын бойына сіңірген Балкүміс Жолдығалиқызы әкесінің тілегін абыроймен атқарып шықты. Сонау Санкт – Петербор қаласының мұражай қорларына, Орынбор, Астана мен Алматы шаһарларының ғылыми орталықтарына дейін жеткен қазақ қызы мемлекеттік, ұлттық маңызы зор тарихи құжаттармен танысуға мүмкіндік алды.Зерттеу жұмыстары барысында мәлім болғаны: Табын руынан тараған Жолбарыс батыр Торыұлы Қазақстанның Батысында, қазіргі Бөрлі өлкесін он сегізінші ғасырда мекен еткен атақты батыр. Адал қызметі үшін орыс патшасының сый – сияпатын көрген старшын. Жерленген орны «Түйеш қорымы» атауымен белгілі (Кеңтүбек ауылының төңірегі). Даңқты жерлес бабамыз жайындағы деректер республикалық «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» басылымында жарыққа да шығарылды. Батырдың ұрпағы Жолдығали Батырхановтың өзі құрастырған сәулет кешенінің жобасы дакөз жауын алады. Келешекте Бөрлі ауданының көрікті нысандарының бірі атанатын ескерткіш болмақ.

Нұргүл Куатова

Қалдыру жауабы бар