6.09.2018, 16:17
Қараулар: 21
Ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтау мақсатында

Ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтау мақсатында

Бөрлі ауылында «»Рухани жаңғыру — ұлттық жаңғыру» атты мәдени аудандық байқау ұйымдастырылды.

Байқаудың алдын-ала белгіленген ережесіне сай өнер көрсеткен селолық мәдениет үйлері өз кезегінде бесікке салу, тұсау кесу, табалдырық аттау, беташар, қоныс той, ашамайға отырғызу, бастаңғы,ілу салу секілді ұлттық дәстүрлерімізді сахналап, көрерменнің құлақ құрышын қандырар «Шілдехана», «Үкілі қыз», «Әлди, әлди»  секілді әдемі әндерден шашу шаша отырып, «Қара жорға» биімен бір серпілтті.

Мәдени шараға арнайы қатысып, қазылар алқасында төрелік еткен Бөрлі колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Лұқбанова сөз алып: — Бүгінгі шара Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының аясында өтіп жатқан айтулы шаралардың бірі. Мақсатымыз ата-бабамыздан қалған игі дәстүрімізді жастардың санасына сіңіру – дей келе, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын мұндай мерекенің алдағы уақытта да тұрақты түрде өтіп тұратынына сенімділік білдірді.

Кейін байқау тәмәмдала келе берілген тапсырмаларға сай өнерлерін ортаға салған барлық қатысушылар қазылар алқасының шешімі бойынша ынталандыру дипломдарымен марапатталып, ең үздік өнер көрсеткен үштік: Қызылтал,  Пугачев және Қанай мәдениет үйілері өзара орындарды бөлісіп, сый-сыйапаттарға ие болды.

Қалдыру жауабы бар