4.04.2018, 16:33
Қараулар: 19
Қызылталда екі баспананы су басты

Қызылталда екі баспананы су басты

Бөрлі ауданында еріген қар суы екі тұрғын үй мен төрт ауланы басып қалды. Төтенше жағдай Ақсай іргесіндегі Қызылтал шағынауданында орын алды. Тұрғындарға төтеншеліктер көмекке келіп, арнайы техникалар суды сорып жатыр.

Кеше кешкісін Ғайниевтардың шаңырағына қардың суы басып кірген. Лап берген лай судың деңгейі бірнеше минуттың 15 см дейін көтерілген. Судың екпінінен еден көтеріліп, қабырғалары сыз тарта бастапты. Отбасының жиһаздары мен тұрмыстық техникаларының барлығы жарамсыз. Жылдағы көріністен жалыққан тұрғындар бұл жағдайға осыдан екі жыл бұрын салынған ауылішілік жолдардың жанында арықтар мен арнайы тұрбалардың салынбауы себеп деп ашынады. Айтуларынша ауылдың жоғары жағынан келген қар суының ағар басқа жолы жоқ. Ал, билік өкілдерінің айтар өз уәжі бар. Қар суы кірген үйлерге арнайы келген аудан әкімі Алдияр Халелов аталған жағдайға тұрғындардың өздері кінәлі екендігін айтты. «Жеке серторға әр тұрғын өздері жауапты. Тіпті кей аулалардан қар шығарылмаған. Кешеден бері осы шағынауданда жүрмін. Қолына күрек алып, жыра ойып жүрген ешкімді көрмедім.Аудан басшысы әр үйдің ауласындағы суды сору керек деген түсінікті қою керек» деп атап өтті, Алдияр Сансызбайұлы.
Шынымен де төтеншеліктер жұмыс жасап жатқан аймақтан біз де тұрғындардың қарасын көрмедік. Тіпті ауласында су сорылып жатқан баспананың есігі кілтеулі тұр.
Аудан әкімінің тапсырмасымен аталған жағдай бойынша жедел комиссия құрылды. Орын алған жағдай бойынша арнайы АКТ жасалып, қорытындысын жақын күндері Бөрлі аудандық төтенше жағдай қызметкерлері береді.
Бөрлі аудандық баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін қала бойынша73979.9м3 қар шығарылып, 5084.2 м3 су сорылды, 41 шақырым арықтар тазартылды. 33 техника жұмылдырылып, аудан бойынша 19 тонна жанар жағар май, 150 тонна инертті материалдар, 10 мың қап дайындалды. Су тасқыны болған жағдайда құрамында 81 адам, 39 бірлік техника мен қайық дайын тұр. Жеке секторларға су кіру қауіпі төнген жағдайда арнайы құрылған аудандық су тасқынының алдын алу штабы номеріне (8/71133/20931) хабарласуға болады.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Қалдыру жауабы бар