15.12.2017, 16:02
Қараулар: 21
Тәуелсіздікке тамаша тарту

Тәуелсіздікке тамаша тарту

Тәуелсіздік мекекесі қарсаңында Бөрлі ауданында бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандар пайдалануға берілді. Ұлық мерекеде халықтың қуанышына облыс әкімі Алтай Көлгінов те ортақтасты.

Алдымен Бөрлі ауылына ат басын бұрған облыс басшысы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асқан су құбырын іске қосты. Ұзындығы 62,3 шақырымды құрайтын су құбыры 515461,0 мың теңгеге қайта жаңғырды. Бұрын тұрғындардың бірі ауыз суды ауласындағы құдығынан алса, көлігі барлар Ақсай қаласынан әкеліп тұтынуға тура келген. Көп жылғы өзекті мәселенің шешілуі мемлекеттің қолдауымен іске асты. Ал құрылысты қолға алған мердігер «KazConstructionGroup» жөндеу жұмыстарын мінсіз атқарғандық деп отыр. Сондай ақ су желісін жаңғыртуға жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындар тартылды. Құрылыста пайдаланып жатқан құбырлар, есептеу құралдары және өзге де қосалқы бөлшектердің барлығы су жаңа, әрі отандық өнім. Бұл мереке қарсаңындағы Бөрлі ауылы тұрғындарының жалғыз қуанышы емес. Он бес жыл бойы жөндеу көрмеген ауылдық мәдениет үйі қайта жаңғыртылып, ұлық мереке қарсаңында жұртшылыққа есігін айқара ашты. Жоба үшін аудандық бюджеттен 30 млн.теңге бөлініп, жұмыс осы жылдың тамыз айында басталды. Бөрлілік ағайынның осы қуанышымен құттықтаған Алтай Сейдірұлы тәуелсіздігіміз ұзағынан болғай деп тіледі.
Ауданға қарасты Кеңтүбек ауылдық округінде 55 бала балабақша кезегінде тұрса, соның 50 бүлдіршіні ауылда жаңадан ашылған «Жұлдыз» балабақшасында тәрбиеленетін болады. Ол үшін бөбекжайда барлық жағдай жасалған. Бөбекжайдың ашылу салтанатнда сөз алған облыс басшысы Алтай Көлгінов кеңтүбектіктерді айтулы мерекемен құттықтады. Бүлдіршіндеріміздің жарқын болашағы үшін облыс көлемінде жасалған жұмыстарға тоқталды. Құрлысты «Эврика» ЖШС мойнына алған. Ғимаратты тұрғызуға мердігер мекеменің 30-тен астам адамы жұмылдырылған.
Одан кейін облыс басшысы Ақсай қаласына асықты. Мұнда шаһардағы «Қарашығанақ-1» шағынауданында бой көтерген 5 қабатты, 75 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін пәтер иелеріне табыстады. «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасы арқылы салынған баспанаға республикалық бюджеттен 614 741,0 мың теңге қаражат бөлінген.
Облыс басшысы Алтай Көлгінов пәтер кілтін алған мемлекеттік қызметкер Мирас Оразғалиевтің шаңырағына бас сұғып, қуаныштарымен құттықтады. Артынша өңір басшысы аталған шағынауданда салынған қос үйге көшіп келген Березов пен Бестау ауылдарының бұрынғы тұрғындарымен кездесті. Өңір басшысы Нұрғалиевтер отбасы мен Әлпеисовтер отбасының шаңырағында болды. Аудан орталығына жақында ғана көшіп келген екі отбасы да жасалған жағдайға риза екендігін айтып, ел ағаларына алғыстарын жеткізді. Өз кезегінде Алтай Сейдірұлы шаңырақ иелерін жаңа баспанамен құттықтап, теледидар табыс етсе, ҚПО компаниясыны бас директоры Ренато Мароли ноутбук сыйлады.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Қалдыру жауабы бар