20.06.2018, 17:06
Қараулар: 24
Тоқсандағы ардақты азамат

Тоқсандағы ардақты азамат

Аудан әкімі Санжар Әлиев Қызылтал ауылының байырғы тұрғыны Сүлеймен Куликешовке арнайы барып, мерейлі 90 жасымен құттықтады.

Қазақы салт бойынша иығына шапан жауып, алғыс хат ұсынды. Ардақты жанды мерейлі жасымен құттықтаған аудан басшысы атқарған өлшеусіз еңбегіне алғысын айтты. «Сіз бүгінгі күнде өнегелі өмір сүріп, бақыттың бағында 2 ұл, 2 қыздарыңыздың қызығы мен қуанышына, 20 немере, 15 шөбере, жиендеріңіздің сүйіспеншілігіне бөленіп, ағайын-туыс ортасындағы алтын көпірдей қадірлі қалпыңызды сақтап келесіз. Талай абырой биігінен көрініп, ұрпағыңызға үлгі болар абзал жан ретінде өзіңізді танытып жүрсіз. Бүгінгі қуанышты туған күніңізбен құттықтай отырып, отбасыңызға амандық, жүрегіңізге Алланың нұры құйылып, зор денсаулықпен жасай беруіңізге тілектеспін», — деді аудан басшысы Санжар Жұматайұлы.
Сүлеймен ата Ресейдің Орынбор облысында дүниеге келген. Осы жерде совхоздың ауылшаруашылық саласында тұрақты еңбек етіп жүрген кезінде орыс қызы Александра Григорьевнамен танысып, болашаққа бірігіп қадам басады. Елді Ұлы Отан Соғысының тұсындағы ауыр жылдардың есенгіреткен кезің бірі — 1943 жылы үлкен ағасы соғысқа алынып, бар қиындық Сүлеймен атаға түседі. Осы кезде қылшылдаған жас жігіт трактор мамандығын дайындайтын арнаулы курсқа түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Міне, содан бері еңбекқор жан зейнеткерлікке шыққанға дейін темір тұлпарды тізгіндеп, елге елеулі еңбек сіңірді. Отбасының асыраушысы қадірлі атаның қасынан Александра әжей әрқашан табылып, тырмашы, астық бастырушы, тазалаушы және тағы да басқа жұмыстарды бірлесе атқарады. Ата жұртты аңсаған жан Бөрлі ауданына, яғни Қызылтал ауылына 1964 жылы түбегейлі қоныс аударады. Еңбекке ерте аралақан Сүлеймен Мұсаұлы «Құрмет» орденімен медальдарынмен марапатталды.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Қалдыру жауабы бар