28.05.2018, 8:48
Қараулар: 15
Мега жоба үздіктерді анақытады

Мега жоба үздіктерді анақытады

Қазақ xалқының төл өнері, соның ішінде жыр-термелер мен күйлерді бүгінгі заман талабына сай жаңартып, өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылған халықаралық «Men qazaqpyn» мега жобасының іріктеу кезеңі бүгін Бөрлі ауданында жалауын желбіретті.

Еліміздің батыс аймағында қалыптасқан өнер мектебі өкілдері туындыларын кеңінен дәріпеген шарада жампоздардың басым бөлігі Ғарифолла Құрманғалиевтың әндерін орындады. Жобаға 18 бен 40 жас аралығындағы 10 үміткер қатысты. Саф өнерді дәріптеп жүрген үміткерлерге облыстық әнші-термешілер байқауларының лауреаттары Мұхит Бірәнов, Жаңыл Шүгірова, Мирас Бақтығұловтар баға берді.Он өнерпаздың ішінен оқ бойы оза шапқан қос жүйрік пугачевтық Талғат Жүпиев пен жаңаталаптық Кенесары Бұғамбетовтар облыстық жобаға жолдама алды. Байқау барысында Талғат Ғ.Құрманғалиевтың «Әнші дауысы» және «Ақкербез» әндерін бабына келтіре орындаса, Кенесары Сарынтайдың шығармасы «Ақын шабыты» мен Ғарифолла Құрманғалиетың «Сүйген жар» әндерін орындап, әділқазы көңілінен шықты. «Ата-бабмыздан ғасырдан ғасырға жалғасып мұқалмай бізге дейін жеткен саф алтындай өнеріміздің байқауы Ақсай шаһарында өтіп жатқанна қуаныштымыз. Бүгін сіздер төл өнерімізді туын желбіретіп биікке шығарып жатсыздар» — деген аудан әкімі А.Халелов жобаның облыстық кезеңіне жолдама алған Талғат Жүпиев пен Кенесары Бұғамбетовтерге сәттілік тіледі.
«Мен қазақпын теле жобасы «QAZAQSTAN РТРК» АҚ бастамасымен өтіп жатқан шара. Биыл екінші жыл өтіп отыр. Былтырғы жылы тек облысы көлемінде өткізіп, жеңімпаздарды республикалық сайысқа жіберген болсақ, биыл барлық аудандарда мега жобаның іріктеу кезеңін өткізудеміз. Бұл жобадан үмітіміз көп. Ақжайық елі Құрманғазы мен Дина, Мұхит пен Ғарифоллалар шыққан ел. Сондықтан жақсы өнерпаздар осы байқау арқылы көптеп танылады денген сенім мол. Ақсайда өткен аудандық байқаудың финалы жоғары деңгейде ұйымдастырылған.Қатысушылардың деңгейі де жақсы. Былтырғы жобада жерлестеріміз Данияр Елеуов пен Ақылбек Бектасовтар жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, облыс абройын қорғады. Биылғы үміткерлерде жақсы нәтиже көреміз деп үміттенеміз» деген облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсенов, жоғары деңгейде өткен байқауының ұйымдастырушыларына дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген өнер иелері атынан алғысын білдірді.
Шара соңында теле жобаның қатысушылары мен қонақтары Ғ.Жәңгіров атындағы саябаққа «Men qazaqpyn» жобасының қадасын қағып, көшеттер отырғызды.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Қалдыру жауабы бар