2.10.2018, 11:53
Қараулар: 18
Бумакөл ауылына — 90 жыл

Бумакөл ауылына — 90 жыл

Дүбірлі той ауылдың кіре берісіндегі ашық алаңқайда өтті.Тізілген ақшаңқай киіз үйлер, кимешек пен шапанын сәндеп киген ауыл қариялары мен ұлттық киімдегі қыз-жігіттер, сәйгүліктерін сайлаған шабандоздар, шашуын молынан шашқан әжелер тойдың сәнін келтіріп-ақ тұр.

Алғашқы құттықтау сөзді ауыл әкімі Жанар Жұмашева алып, ауыл тұрғындарын мерейтоймен құттықтай келе, «Той өткізудегі біздің мақсатымыз — ат шаптырып, аяқ босату емес, халықты рухани серпілту әрі ұрпаққа үлгі көрсету. Бірінші кезекте мерейтойдың тәрбиелік, өнегелік жағына көңіл бөлінді. Оның үстіне осы тойдың себебімен елге қажетті бірқатар игілікті істер де жүзеге асырылуда. Алда талай ел үшін жасалар тірліктер баршылық»,- деді. Сонымен бірге ауыл әкімі ауылдың ғасырға жуық тарихымен бірге жасап келе жатқан 90 жастағы қария Баубеков Төлеген Қасымұлын арнайы құттықтап, құрмет көрсетті. Және елге сыйлы, жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай өмірімен гауhар тойға жеткен Кәкім ата мен Үміт әжені, алтын той иелері Банцеевтар отбасын, оған қоса ауыл өмірімен бірге жасап, қайнаған еңбек майданында елге қызмет еткен сынды бірқатар еңбек ардагерлеріне де алғыс білдіріп, ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, туған жеріне қашанда бүйрегі бұрып тұратын Рафхат Әділгерейұлы мен Таменов Асхат сынды ел азаматтарын ерекше атап алғыс білдірді..
90 жылдық мерейтойға ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, ардақты ардагерлері мен мекеме басшылары және ауыл қонақтары келді. Бөрлі ауданының мәслихат хатшысы Ә.Кулекешев құттықтау сөз сөйлеп, ауыл әкіміне ел тарихында қаларлықтай игі бастама жасап жатқандығына зор алғысын білдіріп, алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. 90 жастағы Төлеген ақсақал Бума тарихындағы ауыл тойының алғаш рет тойланып отырғандығын,сонымен бірге қазақ азаматтары мен азаматшаларының осындай ел игілігі үшін қызмет жасап жүргендеріне шын көңілмен риза екендігін қуана жеткізді.
Мерейтой жалғасы спорттық ойындар, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерімен жалғасты. Желаяқ жастар жаяу жүгірісте дес бермесе, ұзақтығы 10 айналымнан 8 шақырымға созылатын «Аламан» бәйгеде де шабандоздар шашасына шаң жұқтырмады. Бойға сіңіп, ата-бабамыздан келе жатқан, бұл ойын түрі кез-келген қазақтың қанын тулатып, делебесін қоздыратыны айтпаса да түсінікті. Таңдаулы тұлпарлар қатысқан аламан бәйгеде С.Төлегеновтың жүйрігі оза шауып бәйге алды. Сонымен қатар атшабыс алаңына жиналған қалың халық ежелгі ұлттық ойынды қайта жаңғыртып аударыспақ, жамбы ату, қой, бағлан көтеру ойындарына куә болды.
Қорытынды бойынша жаяу жүгірістегі желаяқтар А.Бекмағанбетова мен Ә. Амангелді деп танылса, аударыспақ ойынында 80 келіден жоғары А. Балпанов, ал қой көтеру мен бағлан көтеруде И.Мұқашев және А.Сабиров 1 орынға шығып, өздері көтерген қой мен бағланды қанжығасына байлап кетті. Ауыл жігіттерінің мергендігі сыналған жамбы ату ойынында Б.Мүстиев мерген атанып ел қошеметіне бөленді. Барлық жеңімпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Сәнім МЕНДІБАЙ

Қалдыру жауабы бар