22.08.2018, 19:53
Қараулар: 15
Балаларға базарлық!

Балаларға базарлық!

Құрбан айт мерекесіне орай, Ақсай қаласында ойын алаңы ашылды. Балаларға базарлық болған жарқын іс, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынды. Қазыналы мекеннің тұрғындарына мұндай сыйлықты «Аялы алақан» қоғамдық бірлестігі тарту етті.

Көптен күткен ойын алаңына қол жеткізген бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Өйткені шаһардың солтүстігіндегі балаларға мектеп ауласынан басқа ойнайтын жер болмады. Енді бүлдіршіндер бос уақытын тиімді өткізеді. Бірі әткеншек теуіп, сырғанақта сырғанап асыр салса, енді бірі осындай алаңды сыйлаған ағаларға алғысын жаудыруда.Құны 1 жарым миллион теңгені құрайтын ойын алаңында жасөспірімдердің физикалық тұрғыда дамуына арналған құрал жабдықтың бәрі бар. Көлемі 11 де 22 шаршы метрды құрайтын алаңда футбол, волейбол және баскетбол ойнауға мүмкіндік бар.   Жеткіншектерге арналған мұндай спорт алаңын ашу жөніндегі бастаманы көтерген  «Аялы алақан» қоғамдық қоры. Қор бұған дейін Орал қаласында бірнеше ойын алаңдарын салып, балалар үйін жөндеуге атсалысқан. Ақсай қаласындағы алғашқы қайырымды жоба, аяқсыз қалмақ емес. Келер жылы шаһардың халқы көп шоғырланған Қызылтал, Аралтал ықшам аудандарында ойын алаңдарын салу жоспарда.

«Қаланың балаларында қазір көп қозғалыс жоқ. Сондықтан қоғамдық қор құрылғаннан бастап осындай алаңдар салуды ойға алдық. Осыдан екі жыл бұрын біз Орал қаласында ойын алаңдарын салып берген соң, қала әкімшілігі бізді қолдап, бірнеше ойын алаңдарын пайдалануға берді. Мемлекетке барлық міндетті артып қоймай, қолымыздан келгенше біздерде қаланың көркейуіне ат салыстық. Шын жүректен жасалған жұмыс, балалардың ғана емес, тұрғындардың да көңілінен шықты. Жобаны іске асыруға еріктілер мен көше тұрғындары, жастар мен оқушылар көмектесті. Бірі дәнекерлеу жұмысына қатысса, бірі сырлап алаңқайдың көрігін кіргізді. Барлығына алғыс айтамыз», дейді «Аялы алақан» қоғамдық қорының жетекшісі Қасым Қанафин.

Жалпы, ауданда балалар ойын алаңын салу мен спорт инфрақұрылымының дамуына көп көңіл бөлініп, үлкен жұмыстар атқарылуда. Халықтың спортқа деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында ауданда 56 спорттық алаң  халыққа қызмет етіп келеді. Ақсай қаласында және ауылдық округтерде көп функционалды спорт алаңдары орнатылып, ауылдық округтер толығымен әмбебап спорт алаңдарымен қамтылды. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шаһардағы бес мектептің жанында демеушілер арқылы балалар ойын алаңдары салынуда. Келер жылы шаһарда ойын алаңдарынан бөлек, стритуаркаут, стритбол сынды он алаңқай салынбақ.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Қалдыру жауабы бар