7.03.2018, 13:16
Қараулар: 13
Аяулы жандар баршаның назарында

Аяулы жандар баршаның назарында

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов өңір дамуына аянбай қызмет қылған нәзік жандарды қабылдады.

Кездесуге ауылдық округтердегі қоғамдық келісім кеңестерінің және этномәдени бірлестік төрайымдары, өз еңбектерімен ел байрағын көтеріп жүрген ұл-қыздарды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ардақты аналар, «Алтын белгі» иегерлері және спортшы қыздар қатысты.
Алдияр Сансызбайұлы әйелдер қауымын 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіме құттықтай келе, бүгінде еліміздің әр салада, экономиканың барлық секторында ер азаматтармен иық теңестіре қызмет атқарып, белсене араласып, өздерінің іскерліктерін көрсетіп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып келе жатқан әйел-аналарға зор құрметін білдірді. Тамаша көңіл күймен өрбіген әдемі кездесуде ақын аналарымыз жүрек-жарды тілектерін білдірді, тәттіге толы дастарханда шай ішіліп, әзіл-әңгімелер айтып, өзара қалжындасқандар да табылды. Жүздеріне күлкі, бойларын қуаныш билеген ару-аналар аудан әкімімен бірге естелік суретке түсуді де ұмытпады.
Аудан әкімінің шақыртуын алған ардақты жандар әрі қарай аудандық демалу орталығының ұйымдастыруымен тамаша мерекелік концертке жиналды. Мерекелік шарада Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №638 Жарлығымен 6 бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана Мұқанғалиева Әлия «Күміс алқа» алқасымен наградталды. Сонымен қатар, 21 жылын — мемлекеттік қызметке арнаған Жамболатова Гүлсім еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен наградталды. Шара барысында Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығына сәйкес Бөрлі аудандық демалу орталығының «Мұрагер» театрына, Гүлнұр Мамбеталиева және Батырхан Рабаев жетекшілік ететін «Балдауыс» вокалдық ұжымына «Халықтық» атауы берілгені туралы айтылды.Сонымен қатар аудан әкімі Алдияр Халелов әр салада қызмет атқарып жүрген аруларды өзінің алғыс хатымен марапаттады.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Қалдыру жауабы бар