13.09.2018, 17:22
Қараулар: 24
«Адал жол – честный путь»

«Адал жол – честный путь»

Облысымызда  наурыз айында «Адал жол – честный путь» ұранымен парақорлыққа қарсы марафон бастау алған болатын. Жемқорлыққа қарсы бағытталған акция бүгін Бөрлі ауданында өтті.

Шыңғырлау ауданынан эстафетаны қабылдаған Бөрлі ауданы үш апта бойы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүргізді. Эстафетаны қабылдау Ақсай тахникалық колледжінде өтті. Шараға мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар, аға буын, жастар мен студенттер белсенді қатысты. Эстафета ретінде Зеленов ауданынан бастау алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон өңіріміздің тоғыз ауданында болып, бүгін Шыңғырлау ауданынан Бөрлі ауданына өтті. Шыңғырлау ауданының  әкімі Альберт Есалиев кітап түріндегі «Адал жол — честный путь» атты эстафетаны Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиевке салтанатты түрде табыс етті.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру — біздің ортақ парызымыз болып табылады. Бұл ретте өткізіліп жатқан мағыналы шаралар аз емес, соның бірі – марафон. Сіз бен біздің ортақ міндетіміз — халыққа, елге адал қызмет ету.  Өркениетті қоғамда жемқорлық — бұл үлкен індет, маңызды мәселе.
Бұл марафон Зеленов ауданында басталып, тоғыз  ауданды айналып шықты. Жақында Қаратөбе ауданынан қабылдап алған болатынбыз. Ауданда барлық іс-шараларды өз деңгейінде өткізіп, эстафетаны көрші Бөрлі ауданына табыстап отырмыз. Шараның маңыздылығы — тек мемлекеттік қызметші емес, ауданда қанша тұрғын тұрып жатса, сол тұрғындардың барлығының жүрегіне жеткізіп, адал болуға, таза болуға бастайтын марафон. Шара, әсіресе, студенттердің жүрегіне жетіп, болашақта қоғамымыз жемқорлықсыз, адал өмір сүреміз деген ниеттеміз. – деді, Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев.

Марафон аясында Бөрлі ауданында өтетін іс-шаралардың ауқымы кең.

— Бұл мәселе елімізге, халыққа, қоғамға өте маңызы. Өйткені, сыбайлас жемқорлық еліміздің дамуына үлкен кедергі жасауда. Сондықтан бұл шара алдымен студенттердің арасында өтіп отыр. «Ел болашағы — жастар» десек, жемқорлықсыз болашақ құру — осы жастарымыздың міндеті. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаментінің  бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы  марафон Бөрлі ауданына келіп отыр. Шара барлық деңгейде қамтылып, түсініктеме жүргізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың маңыздылығын түсіндіру мақсатында шаралар өтетін болады.  Эстафетаны барлық ауылдық округтерге дейін жеткізіп, онда  жастармен,  қоғам белсенділерімен кездесу ұйымдастырылады, – деді өз сөзінде  Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев.

Ал қазан айының үші күні  эстафета Теректі ауданына табысталатын болады.

Айым Нұрғалиева

Қалдыру жауабы бар